Жұмыс режимі: күн сайын 08:00–20:00 Call-орталық: +7 707 892-75-25 Диспетчер: 8 (72833) 2-12-21

ҚР Елтаңбасы

02.07.2017

ҚР Елтаңбасы – мұраға қалған айырым белгісі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Герб» термині неміс тіліндегі «erbe» (мұра) сөзінен шыққан және мұраға қалған айырым белгісін – символдық мән берілетін фигуралар мен заттардың үйлесімін білдіреді.

Тарих куәландыратындай, қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері өздерін ерекше белгімен – тотеммен байланыстырған, оның графикалық бейнесі кейіннен «таңба» деп аталды. Бұл термин алғаш рет Түрік қағанатында қолданыла бастады.

Егемен Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек (шеңбер) пішінді – бұл Ұлы Даланың көшпенділері ерекше қастерлеген өмір мен мәңгіліктің символы.

Мемлекеттік Елтаңбадағы орталық геральдикалық элемент – көгілдір аяда бейнеленген шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбезді бөлігі), одан барлық жаққа күн шуағы тәрізді уықтар тарайды. Шаңырақтың оң және сол жағында аңыздағы қанатты пырақтар бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, төменгі бөлігінде – «Қазақстан» деген жазу. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздағы пырақтардың бейнесі және «Қазақстан» жазуы алтын түсті.

Шаңырақ – киіз үйдің аспан күмбезіне ұқсайтын басты құрылымдық бөлігі және еуразиялық көшпенділердің дәстүрлі мәдениетіндегі өмір құрылымының негізгі элементтерінің бірі. Мемлекеттік Елтаңбадағы шаңырақ бейнесі – елде тұратын барлық халықтардың ортақ шаңырағы мен біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың беріктігі мен орнықтылығы оның барлық уықтарының сенімділігіне байланысты болатыны сияқты, Қазақстанның тұрақты дамуы әрбір азаматтың әл-ауқатына байланысты.

Қанатты пырақтар – тұлпарлар Мемлекеттік Елтаңбаның негізгі геральдикалық элементі. Ерте заманнан бері жылқы бейнесі батырлық, адалдық және күш сияқты ұғымдарды білдіреді. Қанаттар көпұлтты Қазақстан халқының күшті де гүлденген мемлекет құру жөніндегі ғасырлар бойғы арманын бейнелейді. Олар ниеттің тазалығы мен үздіксіз жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылысты айғақтайды. Тұлпарлардың алтын қанаттары алтын масақтарды да еске салады және қазақстандықтардың еңбекқорлығы мен елдің материалдық әл-ауқатын бейнелейді.

Өткен ғасырларда мүйіздер көшпенділердің ғұрыптық рәсімдерінде, сондай-ақ жауынгерлік туларының ұшар басы ретінде белсенді қолданылған. Түрлі жануарлардың мүйіздері түріндегі көктің рақымы, жердің құнарлылығы және әскери сәттілік бейнелері әрдайым әртүрлі халықтардың символдық композицияларында маңызды орын алған. Осылайша, молшылық мүйізі бар қанатты тұлпар терең семантикалық және тарихи тамыры бар маңызды типологиялық бейне болып табылады.

Мемлекеттік Елтаңбадағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ерте заманнан қолданып келеді, ол адамдардың ақиқат нұрына, асқақ әрі мәңгілікке деген тұрақты ұмтылысын бейнелейді. Елтаңбадағы жұлдыз бейнесі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестікке ашық ел құруға деген ниетін білдіреді. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың барлық өкілдеріне ашық.

Мемлекеттік Елтаңбада қолданылатын негізгі түс – байлықтың, әділдік пен кеңпейілділіктің символы болып табылатын алтын түс. Сондай-ақ Тудың түсі – көгілдір түс бар, ол алтын түспен үйлесіп, ашық аспанды, бейбітшілік пен береке-бірлікті бейнелейді.