Жұмыс режимі: күн сайын 08:00–20:00 Call-орталық: +7 707 892-75-25 Диспетчер: 8 (72833) 2-12-21

ҚР Туы

02.07.2017

ҚР Туы 1992 жылы ресми түрде қабылданды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Ту – мемлекеттің егемендігі мен бірегейлігін бейнелейтін басты рәміздерінің бірі. «Флаг» термині нидерланд тіліндегі «vlag» сөзінен шыққан. Ту – сапқа немесе бауға бекітілген, белгіленген өлшемдері мен түстері бар, әдетте елтаңба немесе эмблема бейнеленген мата. Ежелден ту ел халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылыммен сәйкестендіру қызметін атқарған.

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шуағын шашқан күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран (бүркіт) бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Сабының тұсында ұлттық ою-өрнектен тұратын тік жолақ бар. Күннің, оның шуағының, қыранның және ұлттық ою-өрнектің бейнесі алтын түсті. Тудың енінің ұзындығына арақатынасы – 1:2.

Геральдика дәстүрінде әр түс белгілі бір ұғымды білдіреді. Көгілдір түс адалдықты, сенімділікті және мінсіздікті бейнелейді. Сонымен қатар көгілдір түстің түркі мәдениетінде терең символдық мәні бар. Ежелгі түріктер әрқашан аспанды өздерінің әке-құдайы санап, олардың көк байрағы ата-бабаға адалдықты білдірген. Қазақстанның Мемлекеттік Туында ол ашық аспанды, бейбітшілік пен береке-бірлікті, ал аяның бір түсті болуы – еліміздің бірлігін бейнелейді.

Геральдикалық қағидаларға сүйенсек, күн байлық пен молшылықтың, өмір мен қуаттың символы. Сондықтан ел туындағы күн шуақтары – дәулет пен береке символы – дән пішінді. Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасындағы күн бейнесі оның жалпыадамзаттық құндылықтарға бейілділігін растайды және жаңа жас мемлекеттің өмірге құштар қуатқа толы екенін, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық елдеріне ашық екенін айғақтайды.

Қыран (бүркіт) бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ежелден қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте билік, көрегендік және кеңпейілділік символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің күш-қуатын, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттарға және орнықты болашаққа ұмтылысын бейнелейді. Еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында бүркіт бейнесі ерекше орын алады. Ол еркіндік пен адалдық, намыс пен батырлық, қуат пен ниет тазалығы сияқты ұғымдармен байланысты. Алтын бүркіттің стильдендірілген бейнесі жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биіктеріне ұмтылысын көрсетеді.

Мемлекеттік Тудың маңызды элементі – сабының тұсында орналасқан ұлттық ою-өрнектен тұратын тік жолақ. Қазақ ою-өрнегі – халықтың эстетикалық талғамына қатаң сәйкес әлемді ерекше көркем қабылдау нысандарының бірі. Түрлі пішіндер мен сызықтардың үйлесімі болып табылатын ою-өрнек халықтың ішкі әлемін ашудың мәнерлі құралы. Сап бойындағы ұлттық ою-өрнек Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерін бейнелейді.