ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ КЕПІЛДІК БЕРІЛГЕН КӨЛЕМІНІҢ ТІЗБЕСІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ 2014 жылғы 27 қаңтардағы №29 ҚАУЛЫСЫ
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі
1. Жалпы ережелер
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады және тиімділігі барынша дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді қамтиды.
2. ТМККК-ге мыналар енгізіледі:
1) жедел медициналық көмек және санитариялық авиация;
2) мыналарды қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек:
медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК);
МСАК маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі – КДК);
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындайтын жоспарланған көлем шегінде МСАК маманының немесе бейінді мамандардың жолдамасы бойынша стационарлық медициналық көмек, шұғыл көрсетілімдер бойынша – жолдаманың болуына қарамастан;
4) МСАК маманының немесе бейінді мамандардың жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмек;
5) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім.
2. ТМККК тізбесі
3. ТМККК шеңберіндегі жедел медициналық көмек мыналарды қамтиды:
1) шұғыл көрсетілімдер бойынша медициналық көмек көрсету;
2) шұғыл көрсетілімдер бойынша пациенттерді медициналық ұйымдарға жеткізу;
3) аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар бұқаралық іс-шараларды (қоғамдық, мәдени-бұқаралық, спорттық және басқа) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен немесе жергілікті атқарушы органмен келісу бойынша медициналық қамтамасыз ету.
4. ТМККК шеңберіндегі санитариялық авиация мыналарды қамтиды:
1) пациент тұрған жердегі медициналық ұйымда қажетті ресурстардың болмауына байланысты тиісті деңгейдегі медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек ұсыну;
2) білікті мамандарды баратын жеріне жеткізу не пациентті әуе көлігі және автокөлік құралдарымен тиісті медициналық ұйымға тасымалдау.
5. ТМККК шеңберіндегі амбулаториялық-емханалық көмек МСАК-ты, КДК-ны қамтиды және осы ТМККК тізбесіне қосымшаға сәйкес көлемде ұсынылады.
6. Жоғары мамандандырылған және жаңа технологияларды пайдалана отырып медициналық көмек денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекітетін тізбеге сәйкес амбулаториялық-емханалық ұйым (бұдан әрі – АЕҰ) маманының жолдамасы бойынша көрсетіледі.
7. ТМККК шеңберіндегі стационарлық көмек уәкілетті орган белгілеген стандарттағы палаталарда қосымша сервистік қызметтерсіз (теледидар, телефон, тапсырыс бойынша тамақ және т.б.) жүзеге асырылады.
8. Уәкілетті орган бекітетін түрлер мен көлемдерге сәйкес стационарлық көмек нысанында көрсетілетін ТМККК мыналарды қамтиды:
1) мамандардың тексеріп-қарауы, консультациялары, оның ішінде телемедициналық коммуникацияларды пайдалана отырып;
2) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес зертханалық және аспаптық зерттеулер;
3) медициналық қызметтер (ақылы қызметтерді қоспағанда), медициналық көрсетілімдер бойынша дәрілік формулярларға сәйкес дәрілік қамтамасыз ету;
4) медициналық көрсетілімдер бойынша қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
5) үш жасқа дейінгі балаға, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж ересек жастағы ауыр науқас балаларға тікелей күтім жасайтын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға уақытша еңбекке жарамсыздық парағын бере отырып, медициналық ұйымда болу мүмкіндігін ұсыну;
6) бір жасқа дейінгі баланы емізетін анасын бала күтімі бойынша болған бүкіл кезеңге медициналық ұйымда тегін тамақпен қамтамасыз ету;
7) уәкілетті орган бекіткен медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына (бұдан әрі – стандарт) сәйкес ерте және жалғастырылған медициналық оңалту, оның ішінде балалар мен әлеуметтік осал азаматтар санаттары үшін кешіктірілген оңалту;
8) балаларға арналған стационарлық медициналық ұйымдарда ойын, демалыс және тәрбие жұмысын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасау;
9) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім.
9. ТМККК шеңберіндегі стационарды алмастыратын медициналық көмек мыналарды қамтиды:
1) мамандардың тексеріп-қарауы, консультациялары;
2) медициналық қызметтер (ақылы қызметтерді қоспағанда), медициналық көрсетілімдер бойынша дәрілік формулярларға сәйкес дәрілік қамтамасыз ету;
3) стандарттарға сәйкес физиорәсімдер мен емдік дене шынықтыруды қоса алғанда, көрсетілімдер бойынша азаматтардың барлық санаттары үшін ерте және жалғастырылған медициналық оңалту.
10. ТМККК шеңберіндегі патологиялық-анатомиялық бюроның (бөлімшелердің) қызметтері мыналарды қамтиды:
1) патологиялық-анатомиялық ашып-қарау;
2) операциялық және биопсиялық материалды гистологиялық зерттеу;
3) цитологиялық зерттеулер.
11. ТМККК тізбесі көрсетілімдер болған жағдайда және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтарын шетелде емдеуді қамтиды.
12. ТМККК көрсету үшін дәрілік заттармен қамтамасыз ету медициналық ұйымдар бекіткен және уәкілетті органмен белгіленген тәртіппен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес мына көмектерді көрсету кезінде жүзеге асырылады:
1) жедел /шұғыл/ медициналық көмек;
2) жұқтыру қаупі болған кезде эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша құтыруға қарсы көмек;
3) көрсетілімдер бойынша санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы көмек;
4) иммундық профилактика/вакцинациялау;
5) стационарлық және стационарды алмастыратын көмек.
13. ТМККК шеңберінде амбулаториялық деңгейде дәрілік қамтамасыз ету белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін қамтамасыз етуге арналған, уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесіне және МСАК маманының рецепті мен көрсетілімдері бойынша мамандандырылған емдік өнімдермен жүзеге асырылады.
14. ТМККК шеңберіндегі медициналық көмек аз инвазивті технологияларды пайдалана отырып емдеу-диагностикалық қызметтерді де қамтиды.