Жұмыс режимі: күн сайын 08:00–20:00 Call-орталық: +7 707 892-75-25 Диспетчер: 8 (72833) 2-12-21

ҚР Әнұраны

02.07.2017

ҚР Әнұраны – ұлттық «салтанатты ән»

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Гимн» термині грек тіліндегі «gimneo» сөзінен шыққан және «салтанатты ән» дегенді білдіреді. Әнұран ел азаматтарының тиімді әлеуметтік-саяси топтасуы мен этномәдени бірегейленуі үшін аса маңызды дыбыстық символ болып табылады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында мемлекеттік әнұран екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

Республика мемлекеттік егемендікке ие болғаннан кейін 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне конкурс жарияланды. Конкурс қорытындысы бойынша Қазақ КСР әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша, алғашқы қазақстандық әнұран музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Үздік мәтін конкурсында белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дарибаевадан тұратын авторлық ұжым жеңіске жетті.

Елдің дыбыстық символикасын насихаттау мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізіне халық арасында танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні алынды. Ол 1956 жылы Шәмші Қалдаяқовтың музыкасына Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңімен жазылған. Әнге мемлекеттік әнұранның жоғары мәртебесін беру және салтанатты үн қосу үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастапқы мәтінді пысықтады. Қазақстан Парламенті 2006 жылғы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзетулер енгізіп, елдің жаңа мемлекеттік әнұранын бекітті.

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің - Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай,

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің - Қазақстаным!