Жұмыс режимі: күн сайын 08:00–20:00 Call-орталық: +7 707 892-75-25 Диспетчер: 8 (72833) 2-12-21

Жадынама: емханаңызды таңдаңыз

07.09.2017

Сіздің емханаңыз – МӘМС-ке кіретін «қақпа»!

Емхана – алғашқы медициналық көмек көрсететін медициналық ұйым. Пациент емханада қандай қызметтер ала алады? Бұл – ЖТД, учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандардың қабылдауы, тексеру, ем мен рәсімдер алу, медициналық тексерулер, дәрілік қамтамасыз ету, балаларға патронаж және жүктілерді бақылау, дәрігерді үйге шақыру және «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы стационарға емделуге жолдама алу.

Емхана – кез келген медициналық көмек алудың «кіру қақпасы», сондықтан сіздің шын мәнінде қай жерге тіркелгеніңізді тексеру өте маңызды. Азамат бір қалада, ауданда тұрып, басқа мекенжай бойынша тіркелген жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда медициналық қызмет көрсетуде қиындықтар туындауы мүмкін.

Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) ұйымына бекіту бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын ескере отырып, тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс, оқу орны бойынша жүзеге асырылады.

Медициналық қызмет көрсету үшін емхананы таңдағанда оның үйіңізге жақын орналасқанын ескерген жөн.

Емхананың жақын орналасуы сізге де, учаскелік дәрігеріңізге де ыңғайлы. Үйге шақырған кезде ол сізге уақтылы және сапалы қызмет көрсете алады.

Емханаға бекітілуді қалай рәсімдеуге және тексеруге болады?

Сонымен, сіз емхананы таңдадыңыз, оған қалай бекітілуге болады? Бұл өте оңай. Емханаға өзіңіз барып, тіркеу орнына жүгініп, емхананың бас дәрігерінің атына еркін нысанда өтініш жазып, жеке басыңызды куәландыратын құжатты (паспорт, туу туралы куәлік, ҚР заңнамасына сәйкес берілген өзге құжат) ұсына аласыз. Сіз өтініш түскен күні бекітілесіз.

Сіздің деректеріңіз «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

Емханаға бекітілудің екінші тәсілі интернет пайдаланушыларына ыңғайлы. «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) арқылы азаматтың деректерін көрсете отырып, электрондық құжат нысанында сұрау салу керек. Емханада жауапты қызметкер тиісті ақпараттық жүйелерден электрондық сұрау салуды алып, бекіту талоныңызды да электрондық түрде рәсімдейді.

Бекіту туралы ақпаратты «egov» порталының «Емхананы таңда» бөлімінен білуге болады.

Адам тек бір емханаға бекітіле алатынын білу керек, бір мезгілде бірнеше емханада тіркелу мүмкін емес. Азаматтар МСАК ұйымына тікелей жүгініп бекітілген кезде бұрын бекітілген МСАК ұйымынан бекітуден шығару «Бекітілген халық тіркелімі» порталының деректер базасы арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

Азамат дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде емханаға бекіту жылына бір реттен жиі емес жүзеге асырылады.

МСАК ұйымдары азаматтар жеке жүгінген кезде бекітуді жүзеге асырады. Отбасы мүшелерінің жазбаша келісімі болған жағдайда, әр отбасы мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсына отырып, еркін нысандағы өтініш негізінде отбасы мүшелерінің бірі оларды бекітуге рұқсат етіледі.

Шұғыл жағдайларда жүгінген кезде тұрғылықты жеріңіздегі емханада кезексіз, алдын ала жазылусыз медициналық көмек ала аласыз.

Дәрігерді үйге шақыру телефон арқылы тікелей хабарласқанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбасыз «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн жүзеге асырылады. Хабарласқаннан кейін тіркеу орнының қызметкері дәрігердің келу уақытын хабарлайды. Дәрігер үйге жүгінген күні барады.

Сіздің емханаңыз – МӘМС-ке кіретін «қақпа»!

Емханаға бекітілуіңіз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысу үшін өте маңызды. Денсаулық сақтау жүйесіне, атап айтқанда болашақ сақтандырылған азаматтар үшін сақтандыру медицинасы пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер пакетіне қолжетімділік дәл емхана арқылы ашылады.

Бекіту науқаны барысында елдің әрбір тұрғыны алғашқы медициналық ұйымға тиесілілігін ғана емес, өз санатын да мәлімдеуі тиіс. Сіз кімсіз – жалдамалы қызметкер, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат, ресми табысы жоқ немесе еш жерде тіркелмеген жұмыссыз ба?

Ертең сақтандырылған мәртебесін алуда және қажетті медициналық көмек алуда қиындықтар туындамауы үшін мұның бәрін қазір анықтаған маңызды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу шарттары, жарналардың мөлшері және төлеу схемасы туралы барлық ақпаратты емханаңыздың тіркеу орнына немесе учаскеңіздегі медицина қызметкеріне жүгініп ала аласыз.

Медициналық сақтандыру бойынша жақын емханадан кеңес алыңыз!